
АЛҒЫ СӨЗ
Дүниеде барша адамзатқа, ал ақыретте тек иман еткендерге мейірімді Алланың атымен!
Бүкіл әлемнің Раббысы – Алла тағалаға мадақ, мақтау болсын! Барша пайғамбар мен нәбилердің мырзасы Мұхаммедке, оның отбасына, сахабалары мен қиямет күніне дейін оның жолын ұстанғандарға салауат пен сәлем болсын. Көркем мінез – иманның тірегі әрі оның бұлтартпас ақиқаты. Мұсылмандардың моральдық өлшемдері жоғарылаған сайын, Ислам үмметі соғұрлым кемелдене түседі. Ал егер көркем ахлақ жойылатын болса, бәле-жала белең алады. Осыған орай, қоғамның игілігін қалайтын әрбір саналы адам өзінің мінез-құлқын жіті қадағалап, оны жақсартуға тырысуға міндетті. Бүгінде айналасына мұқият қараған әрбір жан, кісінің иманын әлсіретіп, жүректегі жақсы қасиеттерді жоятын, мінез-құлқын өзгертіп, жан-жағына жамандық уын шашып жүрген түрлі қайғы-қасіретті көріп жүр. Сондықтан адамның жүрегіндегі көркем ахлақты ояту, мұсылманның мінез-құлқын жақсарту және нәпсіні тәрбиелеу үшін осы кітапты жазу қажеттілігі туындады. Алладан осы еңбектің пайдасы елге тиіп, адамдардың иманын арттыруға қызмет етуін сұраймын. Раббым, дұғаларымызды Білуші, Естуші және Жауап беруші! Барлық мақтау бүкіл жаратылыстың Раббысына болсын. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын.